Қазақстандағы бас бостандығынан айыру орындарындағы жағдай талапқа сай ма

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстанның БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы конвенциясының Факультативтік хаттамасын ратификациялағанына 10 жыл толып отыр. Ал сол Конвенцияға қосылуына 20 жыл толады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Осыған қарай бүгін Астанада бас бостандығынан айыру орындарындағы жағдайларға қатысты арнайы жиын өтті. Онда осы салада болып жатқан мәселелер туралы сөз қозғалып, деректер мен дәйектер келтірілді.

Жиын барысында келтірілген деректер бойынша, Қазақстанда соңғы 10 жылда азаптау туралы қылмыстық істер аясында жалпы сомасы 8,4 млн. теңгені құрайтын 8 іс бойынша моральдық және материалдық шығынды өтеу туралы талаптар қанағаттандырылған. Олардың екеуі  БҰҰ   органдарының шешімдері негізінде, 6 іс - Қазақстан Республикасы соттарының шешімдері негізінде қанағаттандырылған.



Жиында келтірілген деректерге назар аударсақ, Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесінде бүгінде 69 түзеу мекемесі және 17 тергеу изоляторы бар. Оларда сәйкесінше 6 300 және 26 765 адам жазасын өтеп жатыр.

«Шынында да түрмелердегі проблемалардың барын жоққа шығармаймыз. Дегенмен бізге түскен әрбір азаматтың шағымы міндетті түрде тіркелетінін және жауапсыз қалмайтынын ескерткім келеді. Ал статистикаға келсек, 2016 жылы азаптау мен қатыгездік көрсету оқиғаларына қатысты 6 іс қозғалды, ал 2017 жылы 2 іс қозғалып, бірнеше қызметкер қамалғандарды азаптау ісі бойынша жауапқа тартылды», - деді ҚР ІІМ министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Төремұратов.

Одан бөлек, ведомство өкілі сотталған азаматтар түрмеге түскенде барлық ауру түрлері бойынша толық диагностикалық тексеруден өтетінін және сол тыңғылықты жүргізілген профильді жұмыстың нәтижесінде соңғы уақытта түрмелерде туберкулез ауруына шалдығу деңгейінің азайғанын алға тартты.

«Бүгінде еліміз бойынша тек үш абақтыда туберкулез жағдайы бар, оның 2-і Қарағанды облысында, 1-і Ақмола облысында»- деді Б.Төремұратов.

«Қазір әлемнің барлық дамыған елдері тергеу сұхбаттарына көшіп жатыр, бұл полицияда азаптауды болдырмаудағы тиімділігін дәлелдеді. Түрмелерде соңғы уақытта азаптау әдістерін қолдануда жағымсыз үрдістердің бары рас, бұл мәселеге бей-жай қарамай, қажетті шараларды дереу қолға алу керек», - деді Орталық Азиядағы Халықаралық түрме реформасының (PRI) Аймақтық директоры Азамат Шамбилов.

Халықаралық азаптау құрбандарын қолдау күніне орай ұйымдастырылған арнайы шараға ҚР құқық қорғау органдарының өкілдерінен өзге танымал құқық қорғаушылар, бұрын сотталғандар, елдің түрлі өңірлерінен келген қоғамдық бақылау комиссияларының төрағалары қатысты.

Соңғы жаңалықтар