Қазақстандағы байланыс қызметінің аясы кеңеюде
АСТАНА. Маусымның 25-і. ҚазАқпарат. /Зүлфира Мағзұмова/- Қазақстандағы байланыс қызметтері одан әрі даму үстінде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Статистика агенттігіне сілтеме жасап.
2008 жылы байланыс қызметінен түскен табыс 415,5 млрд. теңгеге жеткен. Бұл 2007 жылмен салыстырғанда 11,8 пайызға артқандығын көрсетеді. Байланыс қызметтері табыстарының жалпы көлемінің 40 пайызы халыққа қызмет көрсету саласына тиесілі, бұл да 11,6 пайызға өскен.
Ал ұялы байланыс қызметінің көлемі 52,5 пайызды құрап, жалпы байланыс қызметі көлемінің едәуір бөлігін алып отыр.
Абоненттер санының көбеюі Интернет қызметінен түсетін табыстардың өсуіне айтарлықтай әсер етті, бұл 2007 жылмен салыстырғанда 1,7 есеге көбейді, оның ішінде халыққа көрсетілген Интернет қызметі 2,4 есеге артып отыр.
Ауылдық жерлерде де байланыс қызметінің аясы кеңеюде, мұнда байланыс қызметінен түскен табыс көлемі 27,7 пайызға өскен. Мұнда да Интернет қызметтері кеңінен таралған.
Интернет абоненттерінің саны 2008 жылы 600,9 мың бірлікті, ал ұялы байланыс абоненттерінің саны 16087,3 мың бірлікті құраған. Жоғары жылдамдықты пайдаланатын Интернет абонеттері 2008 жылы 337,3 мың бірлікті құрады.