Қазақстандағы белсенді шағын компаниялар сауда саласында жұмыс істейді - зерттеу

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Белсенді шағын бизнестің 40 пайызға жуығы Алматы мен Нұр-Сұлтанда шоғырланған.

Қазақстандағы белсенді шағын компаниялар сауда саласында жұмыс істейді - зерттеу

Бір жылда қаржы орталығында жұмыс істеп тұрған шағын компаниялардың өсімі 15 пайызды, елордада 40 пайызды құрады. Әрбір бесінше белсенді шағын кәсіпорын сауда саласында жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Finprom.kz интернет-ресурсына сілтеме жасай отырып.

Бір жыл ішінде елімізде тіркелген шағын компаниялардың саны 4,3 пайызға өсіп, 2019 жылдың соңында 426,4 мыңға жеткен. Олардың арасында 277 мыңнан астамы қызмет етуде, бұл көрсеткіш 2018 жылдың ақпан айымен салыстырғанда 9,1 пайызға жоғары.

Айта кетейік, қызметтерін жалғастырып жатқан шағын компаниялардың 56 пайыздан астамы белсенді жұмыс істейді. Осы орайда өсім жыл ішінде 13 пайызды құрады.

«Белсенді шағын компаниялардың көбі (37,1 мыңы) автомобильдер мен мотоциклдерді саудалау және жөндеу саласында қызмет етуде. Екінші орын құрылыс саласына тиесілі, яғни 15,9 мың белсенді кәсіпорын тіркелген. Сонымен қатар, 15,1 мың белсенді шағын компания білім беру саласында жұмыс істеп жатыр, бір жылдағы өсім 6,1 пайыз болды», - делінген таратылған мәліметте.

Қазақстан өңірлері арасында белсенді шағын компаниялардың басым бөлігі Алматыда орналасқан, олардың саны 36,6 мыңға жетті. 2018 жылғы ақпанмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 14,8 пайызға артық. Екінші орында компаниялар саны бойынша жыл ішінде 40,4 пайыз өсімді көрсеткен елорда тұрақтады, қалады компаниялар 24,8 мыңға дейін артты. Ал осы үштік құрамына Қарағанды облысы еніп отыр, бұл өңірде белсенді шағын компаниялар 10,4 мыңды құрады.