Қазақстандағы білім саласындағы реформалар жастарды әлемдік жетістіктерге жеткізетініне сенімдімін – Майкл Бёрд

АСТАНА. ҚазАқпарат - "Қазіргі таңда Қазақстанда бүкіл елдің дамуы мен өркендеуіне қолдау көрсету үшін білім берудің барлық деңгейінде көптеген реформалар жүргізіліп жатыр. Осы реформалар ерте ме, кеш пе, өз жемісін беріп, қазақстандық жастар білім саласында әлемдік жетістіктерге жететіне сенімдімін". Бұл туралы бүгін Астанадағы Назарбаев Университетінде өтіп жатқан «SEE Into the Future: ХХІ ғасырдағы дағдылар, кәсіпкерлік және жұмысқа орналасу» тақырыбындағы халықаралық конференцияда British Council (Британдық кеңес) аймақтық директоры Майкл Бёрд айтты.

Қазақстандағы білім саласындағы реформалар жастарды әлемдік жетістіктерге жеткізетініне сенімдімін – Майкл Бёрд

«Қазақстан мен Ұлыбританияның білім беру, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастығының 20 жылдық мерейтойында SEE Into the Future халықаралық конференциясының Қазақстанда өтуі - біз үшін үлкен мәртебе», - деді ол.

Айта кетейік, конференцияның басты мақсаты - талантты жастардың келешектегі әлеуетін күшейтетін дұрыс тәсілдер туралы пікір алмасу үшін мемлекеттік мекемелердің, білім беру орындарының және жұмыс берушілердің күшін біріктіру. Конференцияға Қазақстан, Ұлыбритания, Оңтүстік және Шығыс Еуропа елдерінің жоғары оқу орындары, колледждері және бизнес салаларында қызмет ететін басшылар, мемлекеттік сектордың 300-ге жуық өкілі бас қосты. Шара аясында білім беруші мекемелер мен жұмыс берушілердің өзара әрекеттестігін жақсарту, жастарға дұрыс кәсіпті таңдауға бағыт сілтеу, олардың келешекте жұмысқа орналасуға барынша дайын болуы үшін білім беру үдерісіне қандай өзгерістер енгізу қажет деген сияқты мәселелер кеңінен талқыланды.