«Қазақстандағы бірде-бір ұлттың тілі қазақ тілінің халіндей мүшкіл күйде емес» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 13 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі 13 тамыз, сенбі күні республикалық басылымдарда шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Кеше Астанада Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуі болды. Оған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғыз Республикасының Президенті Роза Отунбаева, Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев қатысты. Бейресми форматтағы басқосу жайында «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Ұйым қызметі ұйысқанда күшейеді» деген тақырыптағы мақаладан егжей-тегжейлі біле аласыздар.
Қазақстанда алқаби соты енгізілгеннен бері бірнеше жыл өтті. Осы кезеңде алқаби соттары біршама тәжірибе де жинағаны анық. «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында жарық көрген «Алқабилер алған асу» деген тақырыптағы мақала осы жайтты қаузайды. «Мәселен, үстіміздегі жылы республикада барлығы 208 адамға қатысты 113 қылмыстық іс қаралған. Бұл ретте егер 2007 жылы 61 адамға қатысты 36 қылмыстық іс қаралған болса, биылғы жылдың 8 айында 69 адамға қатысты 35 іс қаралды», - деп жазады басылым.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Маңғыстау облысындағы Бейнеу кентінен 65 шақырымдағы «Белдеулі» жерінен ескі керуен сарайдың орны табылды. Ұлы Жібек жолының өн бойында салынған құрылыс Ежелгі Сам қаласының аумағында орналасқан. Талай қилы замандардың куәсі болған сарай бүгінде құлап үйіндіге айналған, орта ғасырларда күйдірілген қызыл кірпіштен салынған кешен 14 бөлмеден тұрады. Бір бөлмесінде мешіт, асүй, енді бірінде Алтын Орда дәуіріне сай жылыту жүйесі бар бөлме қойма, жанында 6 құдық болған. Кешен мұнарасы диаметрінің өзі - 4,5 метр. Керуен сарайының алдыңғы қақпасының биіктігі - 9-10 метр. Мақала «Бейнеуден керуен сарайы табылды» деген тақырыппен беріген.
«Оле Бразил клаб» футбол академиясында оқып жүрген отандастарымыздың бірі, «Жетісу» командасының түлегі Рауан Сариев Бразилия чемпионатының «А» сериясында өнер көрсететін «Атлетико Минейро» командасымен үш жылға келісімшартқа отырды. Бұл Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан игі жобаның жемісін көре бастағанымызды айғақтайды», - деп жазады «Айқын» газеті «Бразилияда - тұңғыш қазақ» деген тақырыптағы мақаласында. Рауан Сариев өзінің гол соға білетін шабуылшы екенін ағымдағы жылдың көктемінде айқын дәлелдеген еді. Оливер Пельцер жаттықтыратын 17 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасы мен «Оле Бразил клаб» академиясында білім алып жүрген отандастарымыз жолдастық кездесу өткізіп, «қонақтар» 3:2 есебімен басым түскені есімізде. Сол ойында Рауан Сариев екі голдың авторы атанған болатын.
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы Асылы Османмен арадағы сұхбат «Қазақстандағы бірде-бір ұлттың тілі қазақ тілінің халіндей мүшкіл күйде емес» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Әу бастан-ақ айтқам, қазақ халқының айналасына топтасып, ұйысуымыз керек деп. Қазақ бізге қызмет еткен, енді өзгелеріміз қазаққа қызмет етейік дегенмін. Бұл - менің жалпақшешейлігім емес. Адамгерішілік идеям, Қазақстаннан көрген мейірім-қайырымым жүрегімді солай соқтырып отыр. Қазақ бізді қиын кезеңде қанатының астына алды, қамқорлық көрсетті. Қиындықтан құтылғанда неге біз қазақты бетінен қағамыз? Әділеттілікке жата ма?», - дейді.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев «Атамекен» Ұлттық экономикалық палатасындағы әріптестеріне өзінің палатадан шығу туралы отставкасын қабылдауға өтініш жасады. Ол бизнес-қауымдастықты партиялық алаңда да «отандық кәсіпкерліктің дамуына, іскерлік ахуалды либералдандыруға және қуатты жеке бизнесі бар прогрессивті мемлекетті қалыптастыруға жәрдемдесетініне» сендірді. Бұдан бөлек, Азат Перуашев «Атамекен» ҰЕП Басқарма төрағасы лауазымына сырттай дауыс берулері үшін Абылай Мырзахметовтың кандидатурасын ұсынып отыр.