Қазақстандағы демографияға оралмандар барынша тың серпін бере алды - У. Қалижан

АСТАНА. 11 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанда құлдырап кеткен демографияға оралмандар барынша тың серпін бере алды.

Қазақстандағы демографияға оралмандар барынша тың серпін бере алды - У. Қалижан

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Нұр Отан» ХДП Фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің отырысы барысында депутат Уәлихан Қалижан осылай мәлім етті. Естеріңізге сала кетейік, жиын «Мемлекеттің оралмандарға қызмет түрлеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету саласындағы әлеуметтік саясаты» тақырыбында өткен болатын.

Депутаттың айтуынша, Қазақстанға келген оралмандардың 5 пайызы ғана зейнет жасында. Ал олардың 51 пайызы 18-ге дейінгі жас балалар. «Оның үстіне оралмандардың арқасында Қазақстандағы қазақтар үлесі 64 пайызға жетіп отыр. Мынадай деректер бар: 1990 жылдары Қазақстанның үлесіне халықарлық миграцияның барлық санының 0,4 пайызы ғана тиесілі еді. Ал сол кездері Қазақстан халқының саны әлем халқы санының 0,003 пайызын құрайтын. Айырмашылық 100 еседен асады. Сол 90-ы жылдары ел халқының саны 2 млн. адамға дейін кеміді. Бұл біз үшін үлкен проблема болатын. Тек 1996 жылдары ғана Қазақстанда табиғи өсім қалыпқа келе бастады», - дейді У. Қалижан. Сондықтан да, депутат оралмандардың ұлттық өсімге тың серпін бергенін айтып, бұның ел қауіпсіздігіне де кеңінен әсер ететінін тілге тиек етті. «Бір сөзбен айтқанда, оралман мәселесіне ұлттық көзқарас керек», - дейді У. Қалижан.

Сонымен қатар, депутат 2001-2007 жылдарға арналған Көші-қон тұжырымдамасы бойынша мемлекеттік бағдарлама қабылданғанын, алайда оның қорытындысы осы күнге дейін шықпай жатқанына налыды. «Бір бағдарламаның қорытындысы шықпай жатып, біз келесі бағдарламаны қабылдап жатырмыз. Бұл қалай? Осыны ойластыру керек», - деді У. Қалижан.