Қазақстандағы егін орушы техникалардың 40 пайызы - «Ростсельмаштың» үлесі
САНКТ-ПЕТЕРБУРГ. Қазанның 25-і. ҚазАқпарат /Елена Мягкова/ - «Ростсельмаш» компаниясы шығаратын әрбір оныншы комбайн Қазақстанға жеткізіліп отыр. Компанияның баспасөз қызметінен хабарлағандай, 2000 жылдан бері «Ростсельмаш» қазақстандық аграршыларға 5 мыңнан астам комбайн жеткізген. Бүгінде республикадағы егін орушы техникалардың 40 пайызы - ресейлік компанияның үлесінде.
Астанада басталған «ҚазАгро-2010» көрмесінде ресейлік компанияның Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніндегі ролі сөз болды. Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев көрмедегі ресейлік компанияның стендінде болып, Қазақстанда құрастырылған алғашқы VECTOR комбайнымен танысты. А.Күрішбаевтың пікірінше, Қазақстанда «Ростсельмаштың» құрастыру өндірісінің ұйымдастырылуы республика үшін маңызды және керек жоба.
Ресейлік компанияның Қазақстандағы өкілдігінің директоры Андрей Колесниковтың айтуынша, «Ростсельмаш» Қазақстан нарығында тек комбайндар бойынша ғана емес, тракторлар бойынша да көшбасшы орында.