Қазақстандағы электронды оқыту жүйесімен алғашқы кезеңде мектептердің 50 пайызы қамтылады
АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - 2011-2015 жылдары еліміздегі білім беру ұйымдарының 50 пайызы электронды оқыту жүйесімен қамтылатын болады.
Ал 2016-2020 жылдарға есептелген екінші кезеңде бұл көрсеткішті 90 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгінгі баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым министрлігі Стратегиялық жоспарлау және ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Нұрғали Аршабеков мәлім етті.
Оның хабарлауынша, аталған жүйе аясында 2011-2012 жаңа оқу жылында Астана, Алматы және Қарағанды облысының 44 білім беру ұйымдарында пилоттық жоба іске асырылады. 2012 жылы жобаға қатысатын білім беру мекемелерінің саны 537-ге дейін жетсе, 2013 жылда олардың санын 926-ға дейін жеткізу көзделіп отыр. Бүгінде осы үш жылға республикалық бюджетте 39,5 млрд. теңге қарастырылған.
Айта кетейік, электронды оқыту жүйесінің негізгі мақсаты - ауыл және қала мектептерінің білім деңгейін теңестіру.