Қазақстандағы Елшіліктер жыл сайын қайырымдылық жәрмеңкесін өткізеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда тіркелген шет мемлекеттердің елшіліктері жыл сайын қайырымдылық жәрмеңкесін өткізеді, деп хабарлайды Хабар 24 . 

Қазақстандағы Елшіліктер жыл сайын қайырымдылық жәрмеңкесін өткізеді

Дәстүрлі шараға қатысуға ниет білдірген мемлекеттер өз елінде немесе өз қолымен жасалған заттарды саудалап, түскен қаржыны көмекке мұқтаж жандарға үлестіреді. Он жылдан бері өткізіліп келе жатқан игі шара биыл да жалғасын тапты.

Жапонияның қазақ еліндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Итиро Кавабатаның жұбайы Мегуми бүгінгі шараға үш ай дайындалыпты. Күншығыс елінен ыдыс-аяқ, киім-кешектер алдырған. Жапон халқының жеңсік астарының мәзірін жасаған. Жәрмеңкеге келетін жұрттың көңілінен шығатын заттар ұсынуды жөн көрген.

«Қыркүйек айынан бері дайындалдық. Сөреге не қоямыз, соны ойладық. Қазақ халқына жапон елін таныстырудың бір шарасы секілді ғой. Оның үстіне қайырымдылық жәрмеңкесі. Бұл - елші жұбайлары үшін үлкен жауапкершілік. Түскен қаржының қайда жұмсалатынын жақсы білеміз. Сол себепті барынша көп сауда жасауды ойлаймыз», - дейді Мегуми Кавабата, Жапонияның Төтенше және Өкілетті Елшісінің жұбайы.

Қазақстанда тіркелген елшілердің жұбайлары осыдан он жыл бұрын ортақ шешімге келіп, жаңа жыл қарсаңында қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастыруға уағдаласқан. Шараға атсалысуға ниет білдіргендер қатары жыл сайын артып келеді. Мысалы, биыл 53 елшілік өз өнімдерін ортаға қойды. Мұнда белгілі бір талап жоқ. Кейбір елшіліктер өздері дайындаған бұйымдарды саудалайды. Көбіне өз елдерінде шығатын, сұранысқа ие өнімдерді сөреге қояды.

«Бұл өзі - шет елдерде баяғыдан келе жатқан дәстүр. Қазақстанда он жыл бұрын тұсауы кесілді. Елшілердің жұбайлары жүзеге асырып келе жатқан шара. Былтыр бір күнде 110 мың АҚШ долларынан асатын қаржы түсті. Оны еліміздегі көмекке зәру жетпіс ұйымға бөліп берді. Және Алтайдан Атырауға дейінгі, Арқа мен Алатауға дейінгі аймақтар, бүкіл Қазақстан түгел қамтылды. Рас, бүкіл мәселені шешіп тастамайтын шығар. Бірақ игі іс екені анық қой», - деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко.

Игі іс екені рас. Себебі келушілер осындағы бұйымдарды сатып алып, қайырымдылық шараға үлес қосады. Сондай-ақ мұнда лоторея ойнатылады. Елшілер жұбайлары клубының президенті Хеба Османның айтуынша, жүлде қоры қомақты, қазірдің өзінде жеті мың билет сатылып кетіпті.