Қазақстандағы еңбек миграциясын басқаруда жаңа әдістер жүзеге асатын болады
АСТАНА. Қаңтардың 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Еліміздегі еңбек миграциясын басқаруда жаңа әдістер жүзеге асатын болады.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің айтуынша, бүгінгі күні көші-қон заңнамасын жетілдірудің жаңа стратегиясы әзірленіп, құжат елдің геосаяси мүдделерін жүзеге асыруға, әлеуметтік дамуға, ұлттық консолидацияны, қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталады. «Бұл ретте жаңа әдістер еңбек миграциясын басқаруда да қолданылатын болады. Біріншіден, еңбекші-мигранттарды қабылдаудың 3 санаты көзделеді. Атап айтқанда, елде жүріп-тұру мен еңбекпен қамтудың сараланған нормалары қолданылатын шетелдік жұмысшылар, маусымдық шетелдік жұмысшылар және бизнес-мигранттар деп белгілеу қарастырылады. Екіншіден, қолданыстағы жалпы квотамен қатар елдік және салалық квоталар, сондай-ақ басымдықты жобаларға деген квоталар белгіленетін болады. Бұл шараға селективті саясат жүргізуге және Үкімет басымдықты ретінде анықтаған жекелеген салалардың еңбек ресурстарына деген қажеттілікті қанағаттандыруға мүмкіндік береді», деді министр. Оның айтуынша, еңбекші-мигранттарға деген сұранысты жергілікті кадрлар есебінен қанағаттандыру мүмкін болмайтын, жоғары білікті мамандарды тартуға айрықша назар аударылатын болады. Ондай мамандарды жұмысқа тарту туралы рұқсатнама Үкімет анықтайтын тізім негізінде ғана берілетін болады.