18:15, 22 Маусым 2016 | GMT +5
Қазақстандағы эпизотикалық жағдай тұрақты - ҚР АШМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның мал шаруашылығы бойынша аса қауіпті ауруларға қатысты эпизотикалық жағдай тұрақты. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Алматы облысындағы есептік кездесуінде мәлім етті.

«Мал шаруашылығында кездесетін аса қауіпті аурулар бойынша еліміздегі эпизоотикалық жағдай тұрақты. 2015 жылдың басынан малдың аса қауіпті ауруларына байланысты 247 ошағы тіркелген. Осы тіркелген 247 ошақтың 224-ісі жойылды және жергілікті атқарушы органдардың шешімімен жабылды. Қалған 23 жағдай бойынша нұсқаулықтарға сәйкес ветеринарлық-карантиндік іс-шаралар атқарылуда», - деді А.Мырзахметов.
Министрдің айтуынша, былтырғы жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығдағы мал саны көбейді. Генофондтың біртіндеп жақсаруы мен мал шаруашылығы өнімділігінің артуы байқалуда. Нәтижесінде, 2015 жылы 16 мың тоннадан астам ет пен ет өнімдері, оның ішінде 6,4 мың тонна тоңазытылған сиыр еті экспортталған.