Қазақстандағы есірткі жағдайының 2012 жылғы ұлттық есебі таныстырылды, елдегі нашақорлар саны 30 пайызға азайды

АСТАНА. 31 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада отандық және шетелдік сарапшылар Қазақстандағы есірткі жағдайының 2012 жылғы ұлттық есебін таныстырды.

Қазақстандағы есірткі жағдайының 2012 жылғы ұлттық есебі таныстырылды, елдегі нашақорлар саны 30 пайызға азайды

Аталмыш құжатты Еуроодақтың Орталық Азияда есірткінің таралуын тоқтату бойынша бағдарламасы шеңберінде (CADAP) оқытылған қазақстандық сарапшылар жасады.

Есептің мақсат-міндеттерімен таныстырған Нашақорлықтың медициналық-әлеуметтік мәселелері жөніндегі республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының сарапшысы, ұлттық есептің бас редакторы Олег Юсоповтың айтуынша, аталмыш құжатта елдегі есірткі мен оған қатысты қалыптасқан жағдай жан-жақты сараланып көрсетілген. Құжат күш-қуат құрылымдарына ғана емес, мемлекеттік органдар үшін де дайындалған. 

«Аталмыш құжат Қазақстанда алғаш рет қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде  жарияланып отыр. Халықаралық стандарттарға сай құрастырылған есеп елдегі есірткі жағдайына қатысты барлық ресми мәліметтерді қамтып отыр», - дейді ол.

Есепте көрсетілгеніндей, Қазақстан 2012 жылы есірткі бизнесіне қарсы саясатты жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 15 миллиард теңге бөлді. Зерттеу мәліметтеріне қарағанда, елде нашақор ретінде есепке алынғандардың саны жыл санап төмендеп келеді. Жастар арасындағы нашақорлықтың деңгейі де төмендеді. Егер 2010 жылы Қазақстанда диспансерлік есепте 32 мыңнан астам нашақор тұрған болса, 2011 жылы олардың саны 30 мыңға дейін төмендеген.