Қазақстандағы ескі қоғамдық көліктердің орнын экологиялық таза автобустар басады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда экологиялық таза қоғамдық көліктер көбейеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандағы ескі қоғамдық көліктердің орнын экологиялық таза автобустар басады

Бұл туралы «Allur Group» автомобиль компаниялары тобының президенті Андрей Лаврентьев «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде айтты.

«Өткен жылы біздің зауыт Ақтау, Ақтөбе, Атырау қалалары үшін электр және газбен жүретін автобустар шығарды. Биыл мың жарымнан астам жаңа экологиялық автобустар Шымкент, Павлодар, Талдықорған қалалары үшін шығарылады. Астана мен Алматы қалаларында JAC электр көліктері жүр. Бірнеше жылда 16 мың ескі автобус жаңартылады.

Сондай-ақ, А. Лаврентьев елімізде аграрлық секторды дамытатын мүмкіндіктер зор екенін, сондықтан, өз ауыл шаруашылығы техникамызды шығару керектігін сөз етті.

«Еліміздегі ауыл шаруашылығы техникаларының тең жартысы - біздің кәсіпорынға тиесілі. Бұл жылдары 4,5 мың комбайн шығардық, олардың жалпы құны 200 млн доллардан асады. Биыл танымал Петербург трактор зауытымен бірлесіп, Кировец тракторларын шығаруды бастаймыз», - деді А. Лаврентьев.

Спикер азаматтардың өмір сапасын жақсарту, инклюзивті экономика бастамасын дамыту, бақуаттылықтың өсуі, әрбір жекелеген азамат сезінетіндей экономика құруға атсалысатынын жеткізді.

«Біздің зауытта мың жарымға жуық адам жұмыс істейді. Биыл олардың еңбекақысын 30 пайызға көтеріп, әлеуметтік пакетті кеңейттік. Үш жыл бұрын дуальды оқыту жүйесін енгізіп, дәнекерлеуші, бояушы мамандарды өзіміз даярлап келеміз», - деді А. Лаврентьев.