Қазақстандағы халықтардың музыкалық мұралары қамтылған энциклопедия жарыққа шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында белгілі фольклортанушы ғалым Берік Жүсіповтің «Қазақстандағы этностардың музыкалық мұралары» атты музыкалық-энциклопедиялық, ғылыми-танымдық еңбегі жарық көрді.

Қазақстандағы халықтардың музыкалық мұралары қамтылған энциклопедия жарыққа шықты

Бұл музыкалық антологияға Қазақстанда тұратын жүзден астам этностардың әндері мен аспаптық мұраларының таңдаулы үлгілері енген. Халық музыкасы мәйегіндегі елдік рух, бірлік туын бекем ұстаған көпұлтты Қазақстан халқы мен оның алуан түрлі руханият нұсқаларын бір арнаға тоғыстырып, ортақ тінге айналдыра алған ұлтаралық сипатымен ерекшеленетін басылым отандық ғылымның ұлттық өнертану саласында алғаш рет қолға алынып отыр, деп хабарлайды «Алматы ақшамы».

Басылым екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім халық шығармашылығы жанрларымен таныстыра отырып, әрбір этнос сазының төлтума болмысын, өзіндік ерекшеліктерін көрсетеді. Екінші бөлімдегі 28 CD таспаға 330-дай орындаушы мен топтардың жеткізуінде 100-ден астам этностың 600-дей музыкалық фольклорының таңдаулы үлгілері топтастырылған. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде құрастырылған музыкалық антология көпшілік оқырман мен тыңдарманға арналған.