Қазақстандағы инфляция деңгейі бәсеңдеу сипатына ие - Ұлттық банк
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы инфляция деңгейі бәсеңдеу сипатына ие. Бұл туралы бүгін «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында ҚР Ұлттық банкі төрағасының міндетін атқарушы Олег Смоляков мәлім етті.
ҰБ өкілінің айтуынша, биылғы жылғы басты міндет - инфляция деңгейін тұрақтандыру және 6-8 пайыздық дәлізге қайтару.
«Қаңтар айының қорытындысына сәйкес, жылдық көріністегі инфляция 14,4 пайызды құрады. Ең алдымен, бұл дәліз инфляция бойынша болжамға негізделмейді, алайда Ұлттық банктің ақша кредиттік саясатының нысаналы бағдары ретінде айқындалады.
Дегенмен, осы бағыттағы көрсеткішке қол жеткізу үшін сыртқы экономикалық жағдайлар бірқатар тәуекелдер тудыруы мүмкін.
Алайда, менің ойымша, қолда бар құралдар арқасында біз нысаналы параметрге қол жеткізе аламыз», деді Олег Смоляков.
Оның айтуынша, 2015 жылдың қазан айында инфляция деңгейі айлық көрсеткіште 5,2 пайыз болса, былтырғы желтоқсан айы мен 2016 жылдың қаңтарында инфляция деңгейі 1,2-1,3 пайыз деңгейінде тұрақталды. 2016 жылдың ақпан айының бірінші аптасында әлеуметтік маңызды тауарлар бағасы 0,9 пайызға өсті, ал екінші аптасында бұл 0,1 пайыз ғана болды.
«Қазақстанда инфляция бәсеңдеу сипатына ие. Баршаңызға белгілі әдетте жыл басында инфляция жоғары болып, сосын төмендейді. Сосын бекітілген дәлізге сенім арттыратын тағы бір фактор біздің саудалық әріптес елдерімізде, соның ішінде Ресейде де инфляция деңгейі тұрақтала бастады», - деді О.Смоляк. Оның айтуынша, 2020 жылға қарай инфляцияны 4 пайызға дейін төмендету көзделеді.