Қазақстандағы инженер-құрылысшылардың кәсіби біліктілігі мен білімі өте жоғары - Германия ғалымы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы инженер-құрылысшылардың кәсіби біліктілігі мен білімі өте жоғары. Бұндай пікірді бүгін елордада өтіп жатқан Инженер-геотехнитердің Азиялық жастар конференциясы аясында «ҚазАқпаратқа» Германияның геотеникалық қоғамының президенті, доктор Вольфганг Зондерманн айтты.

Қазақстандағы инженер-құрылысшылардың кәсіби біліктілігі мен білімі өте жоғары - Германия ғалымы

«Қазақстандағы мамандардың кәсіби біліктілігі жоғары екенін айтқым келеді. Қазақстанда инженерлердің білім деңгейі өзге де дамыған елдердің мамандарынан қалыс келе жатқан жоқ. Алайда, саладағы әдістер, стандарттар мен техника үнемі өзгеріске ұшырап, дамып отырады. Бұл үрдіс тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар барша әлемде жүріп жатқаны белгілі. Сондықтан да, жаңа талаптарға сай болуы тұрғысында геотехниктер үнемі білімін шыңдап, өздерін жетілдіруі тиіс. Жаһандану үдерісі бұл саланы да қамтып отырғандықтан, жаңа шешімдерді еңсеруге баршамыз дайын болуымыз қажет»,-деп тоқталды ғалым.

Сонымен қатар, Вольфганг Зондерманн Астанаға алғаш келгенін және Қазақстан елордасының келбеті оң әсер қалдырып отырғандығын атап өтті. Қалада құрылыс қарқынды жүріп жатқандықтан, инженер ретінде оған шаһардағы нысандар қалай салынғандығы және болашақта құрылысы жүргізілетін ауқымды жобалар қызығушылық тудырып отырғандығын сөз етті.

Айта кетейік, конференция мақсаты - барша Азия өңірінің жас инженер-геотехниктеріне интерактивті тұғырнаманы ұсыну, саладағы инновациялар бойынша тәжірибе алмасу, сондай-ақ құрылыс, білім және ғылымда ынтымақтастықтың перспективалы жолдарын айқындау. Ғалымдардың бұл конференциясы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде және Назарбаев Университетінде 3-7 тамыз аралығында өтеді.

Конференция жұмысына 18 елден 100-ге жуық мамандар мен ғалымдар қатысып жатыр.