Қазақстандағы ірі кәсіпорындар зиянды шығарындыларды қалай азайтпақ
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев кәсіпорындардың зиянды шығарындыларды азайтуға және озық технологияларды енгізуге дайындығы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ірі ластағыштардың шығарындыларын азайту бойынша біз жүргізген жұмыстардың кейбір мысалдарына қысқаша тоқталуға рұқсат етіңіздер.
Мәселен, «АрселорМиттал Теміртау» болат департаменті отынды газға ауыстыру, электр сүзгілерін қайта құру арқылы шығарындыларды 30 пайызға төмендетуді көздеп отыр.
«Қазақмыс Смэлтинг» Жезқазған және Балқаш мыс қорыту зауыттары озық технологияларды қолдана отырып, жаңа күкірт-қышқыл цехтарын салуды жоспарлауда.
«Казцинк» Өскемен металлургия комбинаты күкірт қышқылы зауытының жылу алмастырғыштарын ауыстырады. Бұл шығарындыларды 21 пайызға қысқартуға мүмкіндік береді», - деді министр Үкімет отырысында.
Министр елдегі экологиялық жағдайды жақсартудың нақты мүмкіндігі өнеркәсіпте ең үздік қолжетімді технологияларды енгізу екенін атап өтті.
«Біз 89 ірі компанияға аудит жүргіздік. Қорытынды бойынша, түрлі сала кәсіпорындарының ең озық қолжетімді технологияларға (ОҚТ) көшу деңгейі әрқилы екені анықталды. Соңғы 10 жылда ОҚТ енгізуге инвестиция жұмсаған жеке салалар осы технологияларды енгізудің жоғары деңгейін көрсетті. Алайда, электр энергетикасы саласы артта қалуда. Ондағы ОҚТ енгізу деңгейі 34 пайызды құрайды. Бұл жабдықтың әбден тозуына байланысты», - деп түсіндірді министр.