17:55, 04 Қыркүйек 2017 | GMT +5
Қазақстандағы қар барысының саны қанша
АСТАНА. ҚазАқпарат -ҚР АШМ Орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Үстеміров Қазақстанда мекендейтін қар барысының мөлшерлі санын атады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Соңғы 10 жылдың ішінде қар барысын аулау фактісі елімізде тіркелген жоқ. Қазір Қазақстанның биік таулы өңірлерінде фототұзақтар қойылып, нақты қар барысының санын анықтау бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Бүгінгі таңда Қазақстанда шамамен 138 қар барысы бар деп болжам жасап отырмыз», - дейді комитет өкілі.
Қайрат Үстеміровтің айтуынша, Шымкенттегі Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі фототұзаққа жуықта қар барысы түсіп қалған. Алматы өңірі және Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданындағы ұлттық парктерде орнатылған фототұзақтар да ол өңірлерде қар барысының мекендейтінін дәлелдеп отыр.