Қазақстандағы кәсіпорындар 26,6 млн. тонна астықты сақтауға қауқарлы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі кезде республикада 204 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындары бар. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов мәлім етті.
«Бүгінгі жағдай бойынша АҚК-ларда сақтауға 2,3 млн. тоннадан астам астық қабылданды, оның 1,8 млн. тоннасы бидай. Ылғалдылығы 14,5 пайызға дейін болатын астықтың үлесі жалпы көлемнің 74 пайызды құрап отыр»,-деді Қ. Айтуғанов.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде республикада 204 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындары жұмыс жасайды, олардың жалпы сақтау сиымдылығы 13,6 млн. тонна. Бұдан басқа ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерде 13 млн. тоннаны сақтау сиымдылықтары бар.
«Демек, жалпы көлемі 26,6 млн. тонна болатын қолдағы бар астық сақтау сиымдылықтары астықтың өткен жылғы қалдығын қоса есептегенде жаңа егіннің астығын сақтауға жеткілікті»,-деді ол.
Министрлік мәліметіне қарағанда, жалпы республика бойынша дәнді дақылдардың аурулары (септориоз, сары тат) бойынша өңдеу 2,4 млн. гектардан астам алқапта жүргізілген (оның ішінде Ақмола облысында - 874,4 мың га, Шығыс Қазақстан - 48,4 мың га, Қарағанды - 10,2 мың га, Қостанай - 625,8 мың га, Павлодар - 5,1 мың га, Солтүстік Қазақстан облысында - 846,5 мың га), бұл өткен жылдағыдан 1,1 млн. гектарға артық.