Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлауға дайындық ұйымдасқан түрде өтіп жатыр - ТМД миссиясы байқаушыларының басшысы
АСТАНА. 31 наурыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -Қазақстандағы кезектен тыс Президенттік сайлауға дайындық ұйымдасқан түрде өтіп жатыр. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымы миссиясы байқаушыларының басшысы Сергей Лебедев елімізде өткелі отырған кезектен тыс президент сайлауының дайындық барысына осындай баға берді.
«Әрине, жұмыс болған соң кемшіліксіз болмайды. Сондықтан сайлауға дайындық барысында аздаған болса да кемшіліктер болды. Дегенмен, ол кемшіліктердің барлығы техникалық кемшіліктер. Ең бастысы елде сайлаушылардың құқықтары бұзылып жатыр немесе кандидаттардың құқықтары бұзылды деген сыңайдағы әңгімелер жоқ», - деді миссия басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, ТМД байқаушылары сайлау учаскелері ашылғанда-ақ қызметтеріне кіріседі. «Біз сайлау учаскелерінен дауыстарды санау шарасы басталғанда кетеміз. Мен өзім Ақмола облысындағы және Астанадағы сайлау учаскелерінде боламын»,- деді С.Лебедев.
Оның сөзінше, ТМД мен өзге де халықаралық ұйымдардың миссия өкілдері 3 сәуір күні түстен кейін кездеседі. Сол кездесуде кезектен тыс Президент сайлауына берілер баға біршама пысықталады. «Алайда халықаралық ұйымдардың барлығының сайлауға берген бағалары бірдей болады деп айта алмаймын. Бірақ халықаралық ұйымдардың барлығы бірдей объективті болса, олардың кезектен тыс сайлауға берген бағалары да ұқсас болуы керек деген ойдамын»,- деді миссия басшысы.