Қазақстандағы киіктерді сақтау мәселесі Жаһандық экологиялық қордың жобасына енуі ықтимал

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан БҰҰ Даму бағдарламасының Жаһандық экологиялық қорына киіктерді сақтау жобасын енгізу бойынша ұсынысты енгізіп отыр.
None
None

Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайрат Үстеміров мәлім етті.

"Биыл киіктердің көп қырылғаны белгілі. Біздің елге оның себептерін анықтау мақсатында отандық мамандардан бөлек, шетелдік ғалымдар да шақыртылды. ҚР Премьер-Министрінің жанынан арнайы жұмыс тобы да құрылған болатын. Оның нәтижелері дайын. ҚР Білім және ғылым министрлігі жанынан киіктердің қырылу себептерін анықтаумен айналысатын жұмыс тобы құрылды. Біз БҰҰ Даму бағдарламасының Жаһандық экологиялық қорына киіктердің мәселесін енгізу жөнінде өтініш тастадық. Қорда қарастырылатын компененттердің бірі біздің киіктер болмақ. Жоба өте ауқымды, шамамен 9 млн. доллар. Оны қор комиссиясы қарап, бекітуі тиіс. Жаңа бағдарлама алдын ала мақұлдаудан өтті. Келесі жылы ЖЭҚ аталмыш жобаны толыққанды қабылдайды деп сенеміз", - дейді Қ. Үстеміров.

Оның сөзінше, комитет өз тарапынан киік таралымын сақтау бағытында үлкен жұмыстар атқаруда.

БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Мунxтуя Алтангерелдің айтуынша, киіктер жүріп өтетін аумақтарды ерекше қорғауға алу өте маңызды.

"Осы мақсатта біз Қазақстан үкіметімен бірге киіктердің көшу бағыттарын анықтау бойынша бірлескен шараларды жасайтын боламыз. Киіктердің экологиялық жолын анықтап, оны қорғауға алмайынша, киіктердің сақталуын қамтамасыз ету өте қиынға соғады. Сондықтан алдағы жылдары осы мәселемен айналысамыз", - деді М. Алтангерел.

Соңғы жаңалықтар