Қазақстандағы киіктерге санақ жүргізілуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 18 сәуірден бастап Қазақстанның биоəртүрлілігін сақтау ассоциациясымен (ғылыми жұмыстарды қамтамасыз ету) және «Қазавиақұтқару» АҚ-мен бірлесіп Бетпақдала, Орал және Үстірт популяциялары киіктеріне кезекті әуе санағын жүргізуде, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Қазақстандағы киіктерге санақ жүргізілуде

Ақбөкендердің көшіп-қону мекендері бойынша қорғау жұмыстарын күшейту мақсатында киіктердің төлдейтін мекендері «Ырғыз-Торғай» және  «Алтын дала» екі мемлекеттік табиғи резерваттарының инспекторларын қайта топтастыру жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ, киіктерді қорғауды қамтамасыз етудің практикалық шараларымен қатар ұйымдастырушылық жұмыстары да жүргізілді.  Орал популяциясын қорғау үшін Орал қаласында «Охотзопром» оралдық бөлімшесі ашылды. Бетпақдала популяциясын қорғауды қамтамасыз етуді Ақтөбе және Астана қалаларындағы жергілікті Батыс және орталық филиалдар жүзеге асырады.

Сонымен қатар браконьерлікпен қарсы күресті күшейту үшін «Охотзопромда» жол талғамайтын көлігі бар тәжірибелі инспекторлардан құралған  6 арнайы жұмылдыру тобы құрылды. Мәселен, 2014 жылы ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бағынысты ұйымдарының инспекторлары рейдтік іс-шара жүргізу барысында браконьерлік және киік мүйіздерін саудалау бойынша шамамен 79 факті, ал 2015 жылы 107 оқиғаны әшкереледі.

Киіктерді қорғау шаралары қаншалықты ұтымды әрі оперативті жүргізілгенімен, ҚР АШМ өткен жылғы киіктердің жаппай қырылуының қайталанбасына қатты алаңдаушылық танытып  отыр.

2016 жылы 4-5 сәуірде Астана қаласында Қазақстанның кедендік, ғылыми, табиғат қорғау ұйымдарының, Ұлыбритания, Германия сарапшыларының қатысуымен Халықаралық жиын өтіп,  нәтижесінде Бетпақдала популяциясы киіктерінің өткен жылғы жаппай қырылуының халықаралық және отандық мамандандырылған институттарда жүргізілген далалық және лабораториялық зерттеулерінің нәтижелері талқыланды.

Қазіргі уақытта ҚР БҒМ ғылыми ұйымдарының алдында пастереллездің қозуының нақты себептерін анықтау, сондай-ақ, болашақта киіктерге қатысты жұттың алдын  ала шараларының жүргізілуі бойынша нақты тапсырма жүктеліп отыр.