Қазақстандағы қоқыс жинайтын орындар заңсыз жұмыс істеуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатында «Өңір» депутаттық тобының отырысы өтіп, онда қатты қалдықтарды қайта өңдеу мәселелері қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отырыста сөз алған Сенат төрағасының орынбасары Сергей Громовтың айтуынша, Қазақстанның экономикалық өсімімен қатар қатты қалдықтар көлемінің де арта түсуі байқалады. Осыған орай елімізде бұл мәселені шешу жолдары көзделген арнайы тұжырымдама қабылданған. Тұжырымдама 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеуді 40 процентке, 2050 жылға қарай 50 процентке жеткізуді көздейді. Мұнан бөлек, ол 2030 жылға қарай еліміздегі қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондардың 95 пайызға жуығын экологиялық талаптар мен санитарлық ережелерге сәйкестендіру жоспарланып отырғандығын атап өтті.
«2016 жылы республикада қайта өңделген қатты тұрмыстық қалдықтардың көлемі өкінішке орай небәрі 2,6 процент қана болды. Қызмет түрімен халықтың 60 пайызы қамтылып, полигондардың 15 пайызы заңдастырылды. Ал енді қалған 85 процент полигон заңсыз жұмыс істеуде», - деді Сергей Громов.
Оның деректерінше, ел өңірлерінде қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеумен айналысатын 100-ден астам шағын және орта бизнес кәсіпорны жұмыс істеуде. Бірақ, барлық аймақта бірдей қалдықтардың жекелеген түрлері қайта өңделмейді. Бұл проблеманы кешенді шешу жолдары да жоқ.