Қазақстандағы көлік паркі артты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде тіркеуде тұрған жеңіл көліктер саны 3,7 млн болды. Бұл туралы ҚазАқпарат «ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағына сілтеме жасап хабарлайды.
«Әкімшілік полиция органдары мәліметінше, Қазақстанда есепте барлық типтегі 4 млн 520 мың көлік тұр. Жеңіл және жеңіл коммерциялық автомобиль үлесіне 3 млн 758 мың техника немесе 83,2 пайызы тиесілі. Одан кейінгі орында жүк көліктері (423,1 мың), тіркемелер мен жартылай тіркемелер (214,3 мың), автобустар (67,9 мың) және мототехника (55,9 мың) тұр», - делінген хабарламада.
2020 жылдың қортындысы бойынша Қазақстандағы көлік құралы паркі 4,47 млн-нан 4,52 млн-ға дейін артты. Осы орайда жеңіл және жеңіл коммерциялық автомобильдер саны 1,3 пайызға өсті.
Көлік құралын пайдаланудың орташа мерзімі 20,5-тен 20,7 жылға дейін жоғарылады. Есепті кезеңде жеңіл көліктердің орташа пайдалану мерзімі 19,7-ден 19,9 жылға жейін артты.
Жалпы, жеңіл көліктерге қатысты бұл көрсеткіш ескірген техника көлемінің басым болып отырғанын байқатып отыр. Автопарктің жартысын 20 жылдан асқан көлік құралдары (1,88 млн; 49,9 пайызы) қамтып тұр. 11-ден 20 жылға дейінгілер – 21,3 пайыз (801,3 мың көлік) болды. Ал 8-ден 10 жылға дейінгілер – 447,2 мың көлікке (11,9 пайыз), 6-дан 7 жылға дейінгілер – 312,3 мың көлікке (8,3 пайыз), 3-тен 5 жылға дейінгілер – 154,7 мың көлікке (4,1 пайыз), 0-ден 2 жылға дейінгі көлік саны 166,9 мыңға (4,4 пайыз) жетті.
2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда автомобильдендіру деңгейі елдің 1 мың тұрғынына шаққанда 199 жеңіл көлікті құрады. Өткен жылдары бұл көрсеткіш: 2017 жылы – 211 көлік, 2018 жылы – 207, 2019 жылы – 202 , 2020 жылы – 199.