Қазақстандағы құрылыс саласын лицензиялау жүйесі жетілдіруге мұқтаж
АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстандағы құрылыс саласын лицензиялау жүйесі өзгертуге және жетілдіруге мұқтаж. Бұл туралы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің бүгінгі алқа мәжілісінде ведомство басшысы Сергей Нокин мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елімізде 38 мыңдай лицензия берілді. Алайда, лицензияланғандардың барлығы бірдей өздерінің функцияларын сапалы әрі толық көлемде орындамай жатқандығы ешкімге құпия емес. Соңғы жылдардың сараптамасы мен тәжірибесі құрылыс саласын лицензиялау жүйесі өзгертуге және жетілдіруге мұқтаж екендігін көрсетіп отыр», деді алқада С. Нокин.
Оның айтуынша, осы жұмыстың аясында Агенттік Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне бірқатар ұсыныстар енгізген. Ол ұсыныстар мынадай шараларды, атап айтқанда: лицензияларда санаттарды бөлуді ендіруді; жаңа біліктілік талаптарды әзірлеуді; сараптамалық жұмыстар мен инженерлік қызметтерді лицензиялау саласынан аттестаттау саласына беруді; құрылыс материалдарының және конструкторлық бұйымдар өндірісін лицензияланатын түрлерден алып, оларды сертификаттау саласына беруді қарастырады.
«Агенттік қызметтің лицензияландырылатын түрлерін оңтайландыру және қысқарту, сондай-ақ лицензиялау үдерісін жетілдіру арқылы рұқсат беру жүйесіндамыту жөнінде шараларды қабылдауда іске қосылатын нысандардың сапасына ықпал ететін әрекет жасайтын тетіктердің бірі - құрылыс саласын лицензиялау болып табылады», деді ол.