Қазақстандағы мал азығының базасын дамыту қалай жүргізілмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мал шаруашылындағы жем-шөп базасын дамыту мақсатында егіншілікте нақты әртараптандыру ісі жүзеге асырылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын орындау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі бірқатар жүйелі шаралар қабылдайтын болады. Ауа райы факторларының ауыл шаруашылығы өндірісіне теріс әсерін болдырмау, сондай-ақ мал шаруашылығының азықтық базасын дамыту мақсатында егіншілікте нақты әртараптандыру ісі жүзеге асырылады. Бұл үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ жер пайдаланушылардың қазіргі заманғы цифрлық технологияларды, ғарыштық мониторинг пен Жерді қашықтан зондтауды, әртараптандыру процесін мемлекеттік реттеу шараларын пайдалана отырып, жалдау шарты аясында өздеріне қабылдаған міндеттемелерді орындауын бақылау тетіктері әзірленетін болады», - деді Е. Қарашөкеев.

Оның айтуынша, нәтижесінде азықтық дақылдарды өсіру алаңының ауыспалы егістегі үлесі ғылыми негізделген нормаларға дейін жеткізіліп, кемінде 2 есе ұлғаяды.

«Жайылымдарды тиімді пайдалану мақсатында оларды бақылаудың жаңа әдістері, тиісті мемлекеттік қолдау шаралары барынша пайдаланылатын болады. Сондай-ақ жайылымдарды түбегейлі және жеңіл-желпі жақсарту, сонымен қатар суландырудың барынша тиімді модельдерін қолдана отырып, жаңа жайылымдық жерлерді айналымға тарту арқылы жайылымдардың өнімділігін арттырудың жаңа тәсілдемелері әзірленіп, енгізіледі», - деді Е. Қарашөкеев.

Еске салсақ, 1 қыркүйек күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауын жариялады. Жолдаудың толық мәтіні мына жерде.


Соңғы жаңалықтар