Қазақстандағы мамандандырылған ХҚО шетелдіктерді таңдай қақтырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Astex халықаралық конференциясының шетелдік қонақтары Қазақстанда адам практикалық және теориялық емтиханды тапсырып, бірден куәлік алатын, сондай-ақ автокөлігін тіркей алатын мамандандырылған орталықтың жұмыс істейтініне таң қалды.
«Жүргізуші куәлігін алу үрдісі біздің үрдіспен (америкалық) өте ұқсас, бірақ дәл мұндай жайлы емес. Бізде де бәрі жылдам, бірақ бізде жүргізушілер бірден куәлікке емтихан тапсырып, сол сәтте оны ала алатын мұндай халыққа қызмет көрсету орталықтары жоқ. Меніңше, өмірінде бірінші рет жүргізуші куәлігін алмақшы болған жастар бұл жерде өзін жайлы сезінетін сияқты. Бізде Америкада мұндай мамандандырылған ХҚО-ны тек армандай ғана аламыз», - деп атап өтті электрондық коммерция саласындағы халықаралық консультант Эрик Штернбах.
Оның айтуынша, халықтың өзі қызметті ала алатын өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы қатты әсер қалдырған. «Осы идеяларыңызды біз де қолға алуымыз қажет сияқты», - деді ол.
Электр техникасы мен электроника инженерлері институтынан компьютерлер қоғамының президенті Алан Гриер өз әріптестерімен салыстырғанда, қазақстандық мамандандырылған ХҚО-дан ерекше ештеңе байқамады. «Мұнда бәрі де Колумбиядағыдай, тек жайлы екені рас», - деп атап өтті Гриер.
Белгілі оңтайландырушы, автомобиль сату бойынша ірі америкалық порталдың негізін қалаушы Роберт Бэллак бизнес-процестерге баса назар аударды, ол «бизнес-процестерді оңтайландыру тұрғысынан практикалық курс алудың автоматтандырылған жүйесі - өте табысты шешім» екенін айтты. Сонымен қатар ҚР Байланыс және ақпарат агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Сәкен Сәрсенов практикалық емтихан тапсырудың автоматтандырылған жүйесі процестің ашықтығын арттыру және сыбайлас жемқорлық қарсы құқықбұзушылықтары үшін алғышарттарды тудырмау үшін де енгізілгеніне тоқталып өтті. Сондай-ақ С.Сәрсенов ағымдағы жылы «Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жоспарына сәйкес Қызылордада, Павлодарда, Петропавлда және Талдықорғанда, ал 2015 жылы Ақтөбеде, Атырауда, Көкшетауда, Қостанайда, Оралда, Өскеменде және Шымкентте мамандандырылған ХҚО ашылады деп жоспарланып отырғанын жеткізді.
Айта кетейік, Алан Гриер, Роберт Бэллак пен Эрик Штернбах Астанада 19-20 мамыр аралығында өткен «Astex-2014» халықаралық көрме-конференциясына қатысқан болатын.