Қазақстандағы медициналық қызмет сапасы жылдан жылға жақсарып келеді - ҚР ДСМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы медициналық қызмет сапасы жылдан жылға жақсарып келеді. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрайымы Лаура Ахметниязова айтты.

Қазақстандағы медициналық қызмет сапасы жылдан жылға жақсарып келеді - ҚР ДСМ

Оның мәліметінше, бес жылдан бері Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы бойынша еліміздегі кез келген медициналық ұйымда медициналық қызметтің сапасын басқару қызметі жұмыс істеп келеді. Бүгінде ол Науқасты қолдау қызметі деп өзгертілген. Олар "осында және қазір" принципі бойынша кез келген науқастың қызмет көрсетуге қатысты шағымын дер кезінде қарап, мәселесін шешіп берумен айналысады.

"Осы қызмет енгізілгеннен бері науқастардың шағымы да жыл санап азайып келеді. Науқастардың шағымдары табан астында шешіледі. Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі науқас үшін анағұрлым ашық болып, ауруханалардың жұмысы азаматтардың талабына сай жақсарып келеді. Сапаны басқару қызметтерін бас дәрігердің орынбасарлары жүргізетіндіктен, кез келген шағым басшылық деңгейінде қарастырылады", - деді Л. Ахметниязова.

Оның мәліметінше, 2013 жылы медициналық қызмет сапасына байланысты жалпы саны 2 мыңға жуық шағым түскен. Бұл - 2012 жылмен салыстырғанда едәуір төмен көрсеткіш.