Қазақстандағы медициналық мекемелер толықтай шаруашылық басқару құқығына өтеді - вице-премьер
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Е.Орынбаевтың сөзіне қарағанда, медициналық мекемелер толықтай шаруашылық басқару құқығын алу үшін, оларға бірқатар шарттарды орындау қажет. Алдымен, ауруханада денсаулық сақтау саласының экономикасын білетін менеджерлер мен білікті бухгалтерлер болу керек. «Осы екі шарт орындалған жағдайда, біз медмекемелерді кезең-кезеңімен шаруашылық басқару құқығына ауыстырып, өзін-өзі басқару еркіндігін беретін боламыз», - дейді ол.
Екіншіден, ҚР Үкіметі тарифтерді жетілдіру арқылы тозығы жеткен құрал-жабдықтар мен ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарына кеткен шығындардың орнын толтыруды көздеп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар 2011-2015 жылдарға бағытталған Денсаулық сақтау бағдарламасының соңына дейін толығымен аяқталуы тиіс. Сондай-ақ, онымен бір мезгілде құрал-жабдықтарды сатып алу лизингісі енгізілмек. Ол үшін ең алдымен, республикалық деңгейде лизингілік компания құрылатын болады. Яғни медициналық мекемелердің тапсырыстары негізінде мемлекет қажетті жабдықтарды сатып алады, өз кезегінде мекемеге ол жабдықтар ұнаған болса, онда мемлекет оларды 10-15 жылға несиеге береді.
Е.Орынбаевтың айтуынша, медициналық ұйымдар бұл жерде жабдықтардың экономикалық жағынан тиімді болуына назар аударуы тиіс. «Біз Ұлттық медициналық холдингін қажетті барлық жабдықтармен жарақтандырдық. Бірақ бүгінгі күні ол жабдықтардың тең жартысы қолданылмай, босқа тұр. Осы ретте Медициналық холдинг үлкен шығындарға батып отыр. Сондықтан, жабдықтардың қажет не қажет еместігін өздеріңіз шешетін боласыздар. Олар үшін шығындардың орнын сіздерге ешкім толтырып бермейді. Барлық шығынды емханаларды жауып, жыл соңында ықшамдайтын боламыз», - дейді ол.
Сондай-ақ, алдағы уақытта жұмыс нәтижелерінің рейтингісін енгізу және барлық медмекемелердегі құжат айналымды компьютерлендіру жоспарлануда.