Қазақстандағы мемлекеттік бағдарламалар орта тап өкілдерінің санын арттыруға бағытталған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы мемлекеттік бағдарламалар орта тап өкілдерінің санын арттыруға бағытталған. Мұндай пікірді бүгін «Қазақстандағы орта тап ұлттық экономиканың қозғаушы күші ретінде» тақырыбында өткен сарапшылық клубтың отырысында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Рамазан Салықжанов білдірді.
«Ең біріншіден, орта тап өкілдерін табысымен алып қараған дұрыс емес. Екіншіден, әр ұлттың, қоғамның өзіндік танымында ерекшеліктері бар. Мәселен, біздің елімізді алар болсақ, қазақ халқына «шүкіршілік», «тәубешілік ету» тән. Соңғы зерттеулеріміздегі «Сіз өзіңізді қалай сезінесіз?», «Өзіңізді қай тапқа жатқызасыз?» деген сауалдарға халықтың басым бөлігі өзін жақсы сезінетінін, өзін орта тапқа жатқызатындығын айтты. Ал ауылдағы орта тапқа жататын азамат пен қаладағы орта тап өкілі және батыстың орта топ өкілдері арасындағы табыстары, көңіл-күйлері әртүрлі болып келеді. Демек, орта тап өкілі деген кезде нақты ел-жұрттың, қоғамның, экономикалық және саяси жағдайдың ерекшеліктерін ескеруіміз қажет», - деді ғалым.
Оның атап өтуінше, орта тап өкілдері мәселесінің күн тәртібіне шығарылуы қоғамдағы тұрақтылық мәселесіне байланысты. Орта тап өкілдері неғұрлым көп болған сайын қоғам тұрақты дамып, биліктің жүргізіп отырған бағыты дұрыс деген түсінік қалыптасады.
«Демек, ең бірінші кезекте, Қазақстандағы орта тап өкілдері санының көбеюіне мемлекет мүдделі. Сол арқылы білімді адамдардың, әл-ауқаты жоғары адамдардың санын көбейту жолында деп түсінуіміз қажет», - деді ол.
Оның айтуынша, қазіргі таңда еліміздің орта тап өкілдерінің нақты саны белгісіз. Тіпті, оларды анықтайтын нақты өлшемдер де анықталмаған. Ал, орта тап өкілдеріне, басында баспанасы, астында көлігі бар, бала-шағасы мен туған-туысына қарайласуға жағдайы жететін азаматтарды жатқызуға болады.
«Жалпы, бүгінгі күндегі мемлекеттің саясаты халықтың әл-ауқатын көтеру керек болса, менің ойымша, мұның астарында халықтың орта тап өкілдерінің санын көбейту деп түсінеміз. Демек, бүкіл мемлекеттік бағдарламалар орта тап өкілдерінің санын арттыруға арналған», - деді Р.Салықжанов.