Қазақстандағы миграция жағдайы Ресейге қарағанда әлдеқайда жақсы - Азаматтық альянстың өкілі
АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстандағы миграция жағдайы Ресейге қарағанда әлдеқайда жақсы. Бүгін елордада ЕҚЫҰ аясындағы Шолу конференциясының «Мигранттарға қатысты төзімсіздік» сессиясында сөз сөйлеген Оңтүстік Қазақстан облысы азаматтық альянсының өкілі осылай мәлім етті.
«Бүгінгі күні Қазақстандағы миграция жағдайы көршілес Ресейге қарағанда әлдеқайда жақсы. Дегенмен, Ресейде орын алып отырған миграцияға қатысты үлкен проблемалардың аздаған ғана көрінісі бізде - Қазақстанда да бар. Өйткені, Қазақстанға Ресейдегі секілді көршілес елдерден ауысатын мигранттар нөпірі әлі де толастамаған. Бірақ, басқа елдердегі секілді үлкен қатерге айналып отырған жоқ. Өйткені Қазақстан өзінің тұрақтылығы, экономикалық қарқынының арқасында мигранттарды қабылдап отыр, осы өлкеден еңбекпен қамтылуға ұмтылатындардың саны да артып келеді», деді ол.
Сонымен қатар, мигранттардың, оның ішінде әйелдер мен балалардың көші-қонына қатысты алаңдаушылық білдірген альянс өкілі, бұндай санаттағы азаматтардың құқын қорғауда әлі де тиісті шаралар атқарылуы тиістігін атап өтті. «Біз көшіп- қонушыларды қабылдаушы мемлекетпіз. Орталық Азияда басқа мемлекеттерден кетушілер көп. Сондықтан да, менің ойымша ЕҚЫҰ мүше мемлекеттері бірлесе отырып, мигранттарға қатысты кемшіліктерді жоятын құжат қабылдаса игі», деді альянс өкілі.