Қазақстандағы мүгедек жандар жағдайы Алматыда талқыланды

АЛМАТЫ. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыдағы «Қазжол» қонақ үйінде Қазақстандағы мүгедектердің жағдайын талқылау жөніндегі дөңгелек үстел өтті.

Қазақстандағы мүгедек жандар жағдайы Алматыда талқыланды

Оны ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен БҰҰ-ның тұрғылықты халық саласындағы қоры (БҰҰТХСҚ) бірлесе ұйымдастырып отыр.

Дөңгелек үстелде Қазақстандағы зағип және саңырау мүгедектердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын зерделеу жөніндегі кабинеттік және әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижелері ұсынылды.

БҰҰ ТХСҚ Қазақстандағы директоры, БҰҰ ТХСҚ Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Николай Ботев қазіргі қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандар саны азаймай отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, олардың қоғамдағы білім беру, жұмыспен қамту, қоғамға кірігу мен өмір сүру сапасы сияқты бірқатар мәселелерінің әлі күнге түйткілді мәселелер ретінде қалып отырғанына тоқталды.

«Республикалық диагностикалық орталық» АҚ-ның директорлар кеңесінің төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Бексұлтан Тұтқышев Қазақстандағы мүгедек жандар туралы статистикалық мәліметтермен таныстырды. «Бүгінде елімізде 448,6 мың адам мүгедек мәртебесін иеленіп отыр. Бұл жалпы халықтың 3 пайызын құрайды. Олардың төрттен үші (75,4 пайызы) еңбекке жарамды жастағы адамдар болса, 17,5 пайызы - балалар», - деді Б. Тұтқышев.

Оның сөзінше, сонымен бірге, 16 жастан асқан 20 мыңнан астам зағип жандар тіркелсе, 19 мың адам саңырау болып отыр.

Дөңгелек үстел барысында Қазақстандағы мүгедектер жағдайы мен осы бағытта атқарылып жатқан шараларға қатысты бірнеше баяндамалар оқылып, сол бойынша талқылаулар болды.

Жиын соңында дөңгелек үстел қорытындылары бойынша, мүгедек жандардың медицина, әлеумет, жұмыспен қамту, сондай-ақ, репродуктивтік құқықтары және басқа мүмкіндіктерін қамтыған Қарар қабылданды.