Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттары жаңғыртылған соң жанармай молшылығынан проблемалар туындауы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттары жаңғыртылған соң жанармай молшылығынан проблемалар туындауы мүмкін. Бүгін Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының отырысында «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма басшысының орынбасары Данияр Тиесов осылай мәлім етті.

Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттары жаңғыртылған соң жанармай молшылығынан проблемалар туындауы мүмкін

«Атырау мұнай өңдеу зауытына келсек, мұндағы басты мәселе - бұл зауыт табиғи мұнай кенінің ортасында тұр, ендеше зауыт шикізаттан таршылық көрмейді. Дегенмен мәселенің басқа қыры бар: Батыс Қазақстан демографиялық жағынан халқы аз шоғырланған өңір болып табылады. Сондықтан да құлаққа қаншама оғаш естілгеніне қарамастан айтайық: барлық үш мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртудан кейін бізде мұнай өнімдерінің молшылығы проблемасы туындауы мүмкін, ал ондай көп мұнай өнімдерін бір жерге өткізуіміз керек қой», - деді Данияр Тиесов.

Оның айтуынша, Қазақстанның мұнай өнімдерінің экспорттық нарығы да көп емес. Мәселен, Ресей мен Қытай нарығы экспортқа зәру емес болса, елдің батысында да сондай ахуал қалыптасқан. Бір ғана әлеуетті бағыт - Орталық Азия.

«Дегенмен барлық зауыттарды жаңғырту жұмыстары өңдеуді тереңдету бойынша да жүзеге асатын болады. Бұл басты мәселе. Бүгінгі таңда біз жеткілікті түрде өнімді өңдеп жатырмыз, алайда ашық түсті мұнай өнімдерін, автобензин, керосин мен дизель отынын жеткілікті шығара алмай келеміз», - деді Д.Тиесов.