Қазақстандағы нашақорлардың нақты саны жарты миллионнан асып кетуі мүмкін

АСТАНА. 3 маусым. ҚазАқпарат - Халықаралық сарапшылардың мәліметтері бойынша, «солтүстік бағытқа» жататын Ауғанстан, Қазақстан, Ресей бойынша жылына 100 тоннаға жуық героин өтеді. Олар Ауғанстандағы 400-ден астам зертханаларда жасалады. Бұл туралы бүгін Бас прокуратурада өткен жиналыста ҚР Бас прокурорының орынбасары Нұрмұхамбет Исаев мәлімдеді.
None
None

Оның айтуынша, кез келген транзиттік ел ерте ме, кеш пе, бәрібір есірткі заттарын тұтынушы елге айналады. «Статистикалық деректер бойынша 1991 жылы бізде 10,5 мың нашақор тіркеуде тұрса, 2000 жылы 38 мың, ал 2010 жылы 50 мыңға дейін жеткен. Алайда мен өзімнің 1989 жылғы зерттеулерімде нашақорлардың нақты саны туралы деректер толығымен дұрыс бола бермейтінін айтқанмын. Әрбір үшінші нашақор тіркеуден қашады. 2001 жылы Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі нашақорлардың нақты саны 250 мыңнан асып түседі деген деректер келтірген болатын. Ал кейбір ғылыми көздер бұл санның одан әлдеқайда көп екенін айтады, олардың есептеуінше еліміздегі нашақорлардың саны 500 мыңнан асып кетеді. Меніңше, Денсаулық министрлігі мен ғылыми дереккөздердің келтірген сандары ресми статистикадан гөрі нақтырақ сияқты», - деп атап өтті Бас прокурордың орынбасары.

Сондай-ақ, оның айтуынша, ел басшылығы есірткіге қарсы күресті үдетіп келеді, алайда бұл шаралар кейбір адами факторлардың кесірінен тиісті нәтиже бермеуде.

Осы орайда Н. Исаев Кедендік бақылау комитеті мен ІІМ-нің есірткіге қарсы жұмысының сын көтермейтіндігін тілге тиек етті. 2008 жылдан бері КБК қызметкерлерінің контрабанданы әшкерелеу әрекеттері 2,5 есе, ал ІІМ қызметкерлерінікі 3,5 есе қысқарған. Сонымен қатар, анықталған есірткі тасымалдары кезіндегі есірткі көлемі де онша көп емес.

«Негізінен, бұлар тұтынушыларға арналған шағын ғана контрабандалар. Мәселен былтыр орын алған 59 оқиғаның 39-ында алынған есірткі затының салмағы тасушыны қылмыстық жауапқа тартатын көлемге де жетпеген», - деді Н. Исаев.

Соңғы жаңалықтар