Қазақстандағы өнімдерден шошқа ДНҚ-сы табылып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің зертханалары тексерген азық-түлік өнімдерінің шамамен 20 процентінен шошқа ДНҚ-лары табылған. Мәліметтер өнімнің қаптамасында көрсетілмеген. 

Қазақстандағы өнімдерден шошқа ДНҚ-сы табылып жатыр

Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігінің ресми сауалына жауап берген ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин айтты.

«2018 жылдың алғашқы екі айында жануар тіндерінің сәйкестігін анықтау бойынша 147 азық-түлік өнімдерінің сынамасы зерттеліп, 757 зерттеу жүргізілді. Оның ішінде 27 сынамадан (немесе 19%) өнім қаптамасында көрсетілмеген шошқа ДНҚ-сы табылған», - деп түсіндірді Жандарбек Бекшин.

Оның айтуынша, комитет зертханалары шошқа, ірі қара мал, тауық немесе жылқы ДНҚ-сының ғана емес, ит, мысық, буйвол, ешкі және қой тіндерінің де сәйкестігін тексере алатын әлеуетке ие.

Комитеттің хабарлауынша, азық-түлік өнімдерінің қауіпсізігін бақылау сатылымға шығарылған өнімдерді сатып алу жолымен жүргізіледі. Кедендік одақтың техникалық тәртіптері талаптарының сәйкестігіне санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалар жүргізілуде.