Қазақстандағы оралмандардың саны 1 млн. шамасында болса, бұлардың 200 мыңға жуығы өз күшімен елге келгендер - Көші-қон комитеті
АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазіргі күні оралмандардың саны 1 млн. шамасында болса, бұлардың 200 мыңға жуығы өз күшімен елге келгендер.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстанның көші-қон заңнамасы: жетілдіру жолдары» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан тағдыр тәлкегімен шетелге шашырап кеткен қандастарымызды еліне оралтуға жағдай жасап, мемлекетіміз бұл бағытта ерекше үрдісті саясатты жүзеге асырды. 1991 жылдан бері бүгінгі есеп бойынша елімізге 1 млн.-ға жуық этникалық қандастарымыз келген. Бұлардың 790 мыңы Көші-қон комитетінің тізіміне еніп, тіркеуден өтіп, оралман мәртебесін алды. Ал қалған 200 мыңдайы өз күшімен көшіп келгендер. Жалпы, Қазақстан әлемдегі өз қандастарын Отанына қайтаруға күш жұмсап, жағдай жасап, арнайы саясатқа басымдық беріп отырған 5 мемлекеттің біреуі», деді Қ. Әбішев.
Жалпы, комитеттің деректеріне қарағанда, 2010 жылғы қаңтардың 1-індегі мәліметтер бойынша, Қазақстанда 201 мың 309 оралмандар отбасы немесе 789 мың 339 этникалық қазақтар өмір сүріп жатыр. Отанына оралған этникалық қазақтардың барлығы Қазақстан Республикасы заңнамасында қарастырылған мемлекеттік көмектерге ие болған.