Қазақстандағы Орыс Православ Шіркеуінің Митрополия Округіне әулие апостол Андрей Первозванный сүйегінің бөлшегі табыс етілді

АСТАНА. 30 қараша. ҚазАқпарат - /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астана қаласының Успен кафедралды соборында Қазақстандағы Орыс Православ Шіркеуінің Митрополия Округіне Рим-Католик Шіркеуінің делегациясы Рим Папасы XVI Бенедикттің сыйы - әулие апостол Андрей Первозванный сүйегінің бөлшегін табыс етті.

Қазақстандағы Орыс Православ Шіркеуінің Митрополия Округіне әулие апостол Андрей Первозванный сүйегінің бөлшегі табыс етілді

Делегацияны Қасиетті Тақ пен Ватикан елінің Мемлекеттік хатшысы кардинал Тарчизио Бертоне бастап келді. Шараға Қасиетті Тақтың өзге мемлекеттермен қарым-қатынасы жөніндегі Хатшысы архиепископ Доминик Мамберти, Қазақстан мен Орталық Азиядағы Апостолдық Нунций архиепископы Мигель Маури Буендиа, католик епископтары және Митрополия Округінің Басшысы митрополит Александр мен Қазақстандағы Православ Шіркеуінің епископаты қатысты.

«Мен Қазақстан Республикасының Астанасында Сіздерді қарсы алуға қуаныштымын. Бұл Еуразия кіндігінде орналасқан тамаша мемлекет.Мен Қазақстанда болғаныма өзімнің шын ниетті қуанышымды жеткіземін»,- деді Қасиетті Тақ пен Ватикан елінің Мемлекеттік хатшысы Кардинал Тарчизио Бертоне.

Т. Бертоненің атап көрсеткендей, оның Қазақстанға сапарының басты мақсаты - 1-2 желтоқсан күндері Астанада өтетін ЕҚЫҰ мүше елдер басшыларының саммитіне қатысу. «Әртүрлі діндердің жайлы әрі жетістікте бірге өмір сүріп отырған бұл тамаша елге шақыртуды бірден қабылдадым», -деді ол.

Астана қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Италияның Амальфи қаласында сақталып келген апостол Андрей Первозванныйдың қасиетті сүйегінің бөлшегін Қазақстанның Православ Шіркеуіне табыс ету мәселесі Қазақстан Митрополиясы мен Апостолдық Нунциатура арасында бұрын да талқыланып келген.

Інжіл бойынша Андрей апостолдар арасында алғаш болып Христостың артынан ерген. Христиан дәстүріне сәйкес, ол Кіші Азия, Қара теңіз жағалауы арқылы өтіп, Днепр өзені бойынша бүгінгі Киев қаласы тұрған тауға қарай жоғары көтеріліп, Інжілді шығыс елдерінде уағыздаған.

Апостол Андрей Еуразия кеңістігіне христиан дінін таратқан. Ол жерді мекен еткен христиандар, православтар мен католиктер апостолдың рухани мұрагерлері болып табылады. Әулие Андрей Первозванныйдың есімі баршаға танымал, ол Ресей, Украина, Шотландия, Румыния, Греция, Сицилия мен Амальфидің қорғаушысы болып есептеледі.

1689 жылы император І Петр апостол Андрейдің құрметіне Ресей мемлекетінің жоғарғы орденін тағайындады, сондай-ақ орыс теңіз флоты кемелері үшін Андрей туын бекітті. Туды латынның Х әрпі тәрізді апостол Андрейдің көгілдір кресті өрнектеп тұр. Әулие апостол Андрей Первозванный Ордені -1998 жылғы 1 шілдеден бастап Ресей Федерациясының жоғары ордені.

1998 жылғы 12 қазанда Ресей мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынастарын нығайту ісіне қосқан айрықша үлесі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Ресейдің ең жоғарғы мемлекеттік наградасы - әулие апостол Андрей Первозванный Орденімен марапатталды.

Еліміздегі діндарлар мен қала қонақтары барлық христиан әлемінің аса құрметті белгісін Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қолдауымен салынған Республиканың басты шіркеуі, Орталық Азияның ең ірі православ шіркеуі - Астана қаласының Успен кафедралды соборында тамашалай алады.

ЕҚЫҰ саммиті қарсаңында Астанада өткен бұл шара елімізде орнаған конфессияаралық татулықтың көрінісі болып табылады және Қазақстанның рухани өмірінде маңызды оқиғаға айналып отыр.