Қазақстандағы Парламент сайлауына 45 елден 287 халықаралық байқаушы мен шетелдік БАҚ өкілдері тіркелді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы Парламент сайлауына 45 елден 287 халықаралық байқаушы мен шетелдік БАҚ өкілдері тіркелді. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясы 2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлауға халықаралық ұйымдардан және шет мемлекеттен байқаушыларды аккредиттеу бойынша өткен брифингте ҚР ОСК мүшесі Марат Сәрсембаев мәлім етті.
Оның атап өткеніндей, біздің елімізде болатын алдағы сайлауды байқауға ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы, ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясы, Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі, Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы сияқты ұйымдар, 19 шет мемлекеттің орталық сайлау органдарының өкілдері шақырылды.
«2016 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Сыртқы істер министрлігінің ұсынысымен халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің 175 байқаушысын аккредиттеді. Олардың ішінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның 44 байқаушысы, ТМД миссиясының 111 байқаушысы, 3-еуі Ислам ынтымақтастық ұйымынан, сегіз шет мемлекеттің 17 байқаушысы бар», - деді М. Сәрсембаев.
Бұдан басқа Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 26 мемлекеттен 112 шетелдік БАҚ өкілін аккредиттеді.
«Осылайша, қазіргі уақытта барлығы 45 елден 287 халықаралық байқаушы мен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі аккредиттелді. Еліміздің сайлау заңнамасына сәйкес халықаралық байқаушылар мен Сыртқы істер министрлігі аккредиттеген журналистердің сайлау процесінің барлық кезеңдеріне қатысуға, сайлау науқанының барысы туралы ақпарат алуға, дауыс беру мен дауыстарды санауды жүргізу уақытында сайлау учаскелеріне баруға, сайлау процесіне қатысушылармен кездесуге, сайлау комиссияларының мүшелеріне өз байқаулары, анықталған бұзушылықтар туралы хабарлауға, ұсынымдар енгізуге, жария өтініштер жасауға құқығы бар», - деді ОСК мүшесі.
Брифинг соңында М. Сәрсембаев «ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді халықаралық байқаушылардың болуы сайлауды ұйымдастырушылардың, кандидаттар мен саяси партиялардың, азаматтық қоғам мен сайлау процесіне басқа да қатысушылардың жауапкершілігін арттыра түседі. Сонымен қатар отандық байқаушылардың, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, сондай-ақ халықаралық сарапшылар мен байқаушылардың бірлескен жұмысы мен өзара тиімді іс-қимылы сайлау процесін барынша әділ, транспарентті әрі ашық етуге мүмкіндік береді», деп атап өтті.
Айта кетерлігі, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді Орталық сайлау комиссиясы 2016 жылғы 14 наурызға дейін жүзеге асырады.