Қазақстандағы пойыздардың жылдамдығы 2 есе артады - Қазақстан темір жолы

АСТАНА. 14 ақпан. ҚазАқпарат - 2012 жылдың 1 қаңтарынан 7 ақпанына дейін Қазақстандағы жолаушы пойыздары 1 871 505 жолаушы тасымалдады, деп хабарлайды «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.

Қазақстандағы пойыздардың жылдамдығы 2 есе артады - Қазақстан темір жолы

Бұл 2011 жылдың сәйкес кезеңіндегі деңгейден 11,9 пайызға жоғары.

2012 жылдан бері «ҚТЖ» ҰК» АҚ жолаушыларды жедел тасымалдау бағдарламасын жүзеге асыра бастады. Бұл бағдарламаның іске асуы Астана қаласындағы «Тұлпар-Тальго» зауыты шығаратын жаңа жолаушы вагондарына байланысты. Мұндай 19 вагондардан құралған бірінші пойыз Алматы мен Петропавл қалаларын байланыстырады. Жыл сайын зауыт 150 жаңа вагонды пайдалануға бермек.

«Бұл - жолаушы қозғалысындағы серпін», - деп атап өтті «ҚТЖ» ҰК» АҚ Президенті Асқар Мамин аппарат кеңесінде.

 «Жылдамдықты 2 есе ұлғайтып, уақыт шығынын 2 есе азайтамыз. Оған барлық негіз бар: зауыт салынды, жылжымалы құрам болады. Қазір осы жылдамдықта жүру үшін инфрақұрылымды дайындап, халықтың мобильділігін арттыру қажет. Өйткені халықтың мобильділігін арттыру - бұл экономиканың қарқынына әсер етуші тікелей фактор», - деді компания басшысы.

2011 жылы темір жол көлігі 16,5 млн. жолаушы тасымалдады, бұл 2010 жылға қарағанда 10%-ға көп.