Қазақстандағы Православ шіркеуінде діни ғибадаттарды қазақ тілінде өткізудің бүгінгі күні өзектілігі жоқ - Астана және Алматы Митрополиті Александр
АСТАНА. 30 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстандағы Православ шіркеуінде діни ғибадаттарды қазақ тілінде өткізудің бүгінгі күні өзектілігі жоқ. Бұл туралы бүгін журналистермен өткен баспасөз мәслихатында Астана және Алматы Митрополиті Александр мәлім етті.
«Қазақстандағы Православ шіркеуі негізінен орыс тілді халықтарды қамтиды және біздің ғибадаттарымыз шоқындырылу арқылы біздің шіркеуге жататындарға арналған. Қазақстанда қандай да бір дінге жатпайтын адамдар жоқ деп сенемін. Қазақстан халқының басым денін мұсылмандар, сондай-ақ христиандар құрайды. Біз басқа дінге тарту ісімен айналыспаймыз, себебі бауырлас-мұсылмандардың тарихи шешімдерін құрметтейміз. Өз кезегінде олар біздің таңдауымызға құрметпен қарайды. Ал Қазақстандағы православ шіркеулеріндегі ғибадаттардың қай тілде өткізілетіндігі туралы мәселе, біз үшін бүгінгі күні өзекті емес», - деді ол.
Астана және Алматы Митрополиті, өзінің Рождество мерекесі қарсаңындағы және Орыс Православ шіркеуі басшысының рождестволық және пасха алдындағы құттықтауларының қазақ тілінде айтылуы - кез-келген тәуелсіз мемлекет үшін қалыпты үрдіс екендігін қадап айтты.
«Бұқаралық ақпарат құралдарының біздің позициямызды бұрмалау әрекеттері бүгінгі өмірдің шындығына сәйкес келмейді», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, бұған БАҚ-тар Қазақстандағы Православ шіркеуі алдағы уақытта ғибадаттарын қазақ және орыс тілдерінде жүргізетіндігін, сондай-ақ қазақ тілінде діни әдебиеттерін шығарып, ресми сайттарын жүргізетіндігін хабарлаған болатын. Онымен бірге, Алматыда жаңадан ашылған діни семинарияның оқыту бағдарламасына қазақ тілін меңгеру міндетті пәні енгізіліп, негізгі діни жоралғылардың мәтіні қазақшаға аударылып жатқаны айтылды.