Қазақстандағы Президент сайлауы Хорватияда талқыланды

ЗАГРЕБ. ҚазАқпарат - Қазақстанның Хорватиядағы елшілігі «Қазақстандағы кезектен тыс Президент сайлауы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстандағы Президент сайлауы Хорватияда талқыланды

Шараға Хорватияның белгілі қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Қазақстан елшісі Төлежан Барлыбаев қатысушыларға сайлауға дайындық, ҚР Орталық сайлау комиссиясының қызметі, сондай-ақ сайлауалды кампаниялары туралы баяндады.

Елші Қазақстандағы Президент сайлауын бақылау үшін көптеген халықаралық бақылаушылардың болатынын, әр елдің, соның ішінде Хорватияның журналистері мен ҮЕҰ өкілдері келетінін жеткізді.

Шарада сайлаудың Қазақстан болашағына, Қазақстан-Хорватия байланыстарына ықпалы туралы пікірлер айтылды. Хорват дипломатиясының ардагері, бұрынғы сыртқы істер министрі Будимир Лончар Қазақстанның қазіргі стратегиялық бағытын сақтайтынына, әділ, демократиялық сайлау өткізуді жақтайтын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымдарына тоқталды.

Хорватияның бұрынғы президенті Степан Месич Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөліне әрі мемлекет басшысы лауазымын мерзімінен бұрын тапсырғанына жоғары баға берді.

Дөңгелек үстел соңында Т. Барлыбаев 2019 жылғы 9 маусым күні 07:20-да Қазақстанның Загребтегі елшілігінде №287 сайлау учаскесі ашылатынын жеткізді.