Қазақстандағы президенттік сайлау ел халқының одан сайын біріге түсуіне ықпал етті - Беларусь Республикасының өкілі

АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлау ел халқының одан сайын біріге түсуіне ықпал етті.

Қазақстандағы президенттік сайлау ел халқының одан сайын біріге түсуіне ықпал етті - Беларусь Республикасының өкілі

Бұл пікірін бүгін Астанада журналистерге берген баспасөз мәслихатында Беларуcь Республикасы Сайлау және республикалық референдумдарды өткізу бойынша орталық комиссияның хатшысы Николай Лозовик білдірді.

«Мен Беларуссия өкілі ретінде айта аламын, біздің республикада сайлау кезінде саяси текетірестер «қыза» түседі және саяси-қоғамдық шиеленістер артады. Беларуссиядағы сияқты мұндай үрдіс өзге елдерде де бар. Сайлау кезінде партиялар билік органдарына өздерінің қандай да бір наразылықтарын білдіре бастайды. Азаматтар да өздерінің жеке бастағы проблемаларын айтып қалу үшін соны тосады. Кейбір мемлекеттерде сайлауды сындарлы емес күштер билікке қарсы шығу, тіпті оны Конституциялық емес амалдармен құлату әрекеттері үшін пайдаланылады. Ал Қазақстанда біз ондайды байқағанымыз жоқ. Қазақстанда сайлау науқаны қоғамның одан сайын біріге түсуіне ықпал етті. Бұл өте маңызды және осындай үрдіс барлық елдерде болса дейміз», - деді Н.Лозовик.

Беларуссия өкілі атап көрсеткендей, Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлауды Беларуссияның барлық 16 өкілі бақылады.

«Біздің ортақ пікіріміз, сайлауға дайындық және оны өткізу жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сайлау учаскелері сайлау заңнамасына сәйкес жабдықталды. Дауыс берушіге өз таңдауын жасауға бар мүмкіншіліктер жасалды. Сайлау комиссиясының дайындығын ерекше атап өткім келеді. Дауыс берушілердің легі артқан кезде оларға қарбалас жағдайда жұмыс істеуіне тура келді. Олар сайлау заңнамасымен жақсы таныс және оны практикада қолданды. Сондықтан сайлау комиссиясы мүшелеріне шағымдар түскен жоқ. Беларуссиялық байқаушылар Қазақстанда өткен президенттік сайлауға «үздік» деген жоғары баға берді», - деп түйіндеді сөзін ол.