Қазақстандағы реформалар оң нәтиже беріп келеді - Елбасы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 25 жыл ішінде болған реформаларды халық жақсы қабылдады. Бұл туралы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Он жыл бұрын Парламент өкілеттігін кеңейту үдерісі іске қосылған болатын. Біз кезең-кезеңмен биліктің барлық тармақтарының әлеуетін күшейттік. Осы орайда Парламент пен Үкіметке қажетті тетіктерді бөліп бердік. Осының алдындағы реформалар оңтайлы нәтижелерді берді, халық және әлемдік қоғамдастық тарапынан жақсы қабылданды. 25 жыл ішінде қол жеткізген нәтижелер туралы өткен жылы бұл мерейтойды атап өту кезінде кеңінен айтылған болатын»,-деп тоқталды Елбасы.
Мемлекет басшысы алайда жаһандық тәуекелдер жоғарылап отырғанын айта келе, осы ретте Қазақстан саяси жаңғырудың тереңірек кезеңіне аяқ басқанын, енді Қазақстан осы түзетулерді қабылдағаннан кейін 21 ғасырдың саяси күнтізбесінің жаңа парағын ашатындығын жеткізді.
«Біріншіден, жаңа Заң мемлекеттік істерде Парламенттің рөлін айтарлықтай күшейтеді, оның ішінде Үкіметті қалыптастыру кезінде өкілеттік артады»,-деді Н. Назарбаев.
Сонымен қатар Президент Үкіметтің дербестігі жоғарылайтынын, яғни Министрлер кабинетіне экономиканы тікелей басқару бойынша өкілеттік берілетінін, ел азаматтарының құқығын қорғауда Жоғарғы Соттың рөлі күшейетінін, сондай-ақ Конституциялық қадағалаудың жүйесі нығайтылатынын атап өтті.