Қазақстандағы риэлтерлік қызметті сертификаттау жүйесі жасалады - Гүлшара Дүйсембаева
АЛМАТЫ. 4 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда Қазақстан риэлторларының біріккен қауымдастығындағы жұмыс тобының "Қазақстандағы риэлтерлік қызметті сертификаттау жүйесін құру" туралы алғашқы мәжілісі өтіп жатыр.
Қазақстан риэлтерлері қауымдастығы Кеңесінің соңғы алқалы жиынында ел аумағындағы риэлтерлік компанияларға сертификаттау жүйесін енгізу туралы шешім қабылданған болатын.
"Біз Ұлттық аккредитация орталығы мен Стандарттау және сертификаттау институтының директорларымен кездестік. Олар сертификаттаудың талаптарын ұғындырып, не істеу керектігін түсіндірді", - дейді Қазақстан риэлторларының біріккен қауымдастығының вице-президенті Гүлшара Дүйсембаева. Оның айтуынша, осыған орай арнайы жұмыс тобы құрылып, риэлтерлерді сертификаттаудың стандарттарын жасау жұмысына кірісіп кетті. Бұл бір күндік шаруа емес, кемінде бір жылға дейін созылуы мүмкін. Алғашқы мәжілісте Аккредитация және сертификция институтының интернет дүкенінен сатып алынған қажетті стандарттар талқыланады. Оған - "Абсолют", "Ануэль","Grand Estate Сompany", "Umex Realty", "Almaty Real Estate", "Dixi", "Big Group" сияқты мүлік агенттіктерінің өкілдері шақырылып отыр.