Қазақстандағы саршұнақ аяз Өзбекстанға ауады

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Қазақстанның солтүстігіндегі суық ауа массалары 27-29 қаңтар күндері Өзбекстан аумағына қарай жылжиды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі Узгидромет баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстандағы саршұнақ аяз Өзбекстанға ауады

Республика аумағындағы ауа температурасы климаттық нормадан 7-12 градусқа төмен болады. 28-29 қаңтар күндері термометр бағаны күндіз минус 2-5, түнде минус 11-14 градус, ал солтүстік аймақтарында күндіз минус 7-10, түнде минус 17-20 градусты көрсетеді.

Узгидромет Өзбекстан азаматтарына суық ауа райы шаруа қамын, автокөлік қозғалысын, байланыс, энергетика және коммуналдық қызмет кәсіпорындарының жұмысын қиындатуы мүмкіндігін айтып ескертеді.

Еске сала кетсек, соңғы жылдары Өзбекстандағы ең қатты аяз 2007-2008 жылғы қыста болған. Желтоқсанның аяғына қарай басталған суық ауа райы ақпанның ортасына дейін сақталған еді. Сол қыста Ташкент қаласындағы ауа температурасы минус 17 градусқа дейін төмендеген.