Қазақстандағы сайлау әділ әрі халықаралық стандарттарға толығымен сай өтті - ТүркПА миссиясы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы сайлау әділ әрі халықаралық стандарттарға толығымен сай өтті. Бүгін Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауына арналған брифингте ТүркПА халықаралық сайлауды байқау миссиясы осындай мәлімдеме жасады.

Қазақстандағы сайлау әділ әрі халықаралық стандарттарға толығымен сай өтті - ТүркПА миссиясы

Миссия жұмысына Әзербайжан мен Түркия мемлекеттерінің депутаттары және ТүркПА хатшылығының өкілдері қатысқан. Сапар аясында миссия өкілдері ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасымен кездескен болатын.

«Сайлауға Қазақстандағы дауыс беруге құқылы халықтың 77 пайыздан астамының қатысуы ерекше жағдай. Бұл басқа елдердің Парламент сайлауларымен салыстырғанда аса жоғары көрсеткіш. Бұған біріншіден, Қазақстанның азаматтарына сайлау үшін барынша жағдай жасалып, насихат жұмыстарының жан-жақты болғаны да әсер етсе керек. ТүркПА миссиясы тарапынан да, өз атымнан да сайлаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтемін», - деді ТүркПА халықаралық сайлауды байқау миссиясының төрағасы Халүк Ипек. Түркиялық депутаттың айтуынша, сайлауды байқаушыларға да барынша жағдай жасалған.

«Сайлау тыныш,тұрақты жағдайда өтті. ТүркПА миссиясы сайлаудың әділ, тыныш әрі ашық жағдайда өткенін мәлімдейді. Тұтастай алғанда, Қазақстандағы сайлау ұлттық заңнамаға, халықаралық сайлау стандарттарына толығымен сай келеді. Ашықтық пен әділдік толық қамтылды. Ешқандай заңға қайшы мәселелер тіркелмеген. Демократиялық сайлау халықаралық актілерге, Қазақстанның Конституциясына толығымен сай келеді», - деді миссия жетекшісі.