Қазақстандағы сайлау еш қиындықсыз, тұрақты әрі жоғары дайындықпен өтіп жатыр -түркиялық бақылаушы
АЛМАТЫ. 3 сәуір. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Сайлаудың соңғы сәттері жүріп жатыр, осы уақытқа дейін 11 сайлау учаскесінде болып, сайлаудың әділ өтіп жатқанына куә болдық.
Бүгін елімізде өтіп жатқан ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысты түркиялық қоғамдық-танымдық газетінің журналисі, Халықаралық бақылаушылардың мүшесі Куршад Зорлу Алматыда БАҚ өкілдерімен кездесу барысында осындай пікір айтты.
«Әр жылдары түрлі елдерде бақылаушы міндетін атқардым, Қазақстандағы сайлау еш қиындықсыз, тұрақты әрі жоғары дайындықпен өтіп жатыр», -дейді түркиялық бақылаушы.
Сонымен қатар ол Қазақстанда бұрын да болғандығын, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында деректі фильм түсіруге атсалысқандығын айта келе бүгінгі Қазақ елі көптеген жетістіктерге жеткен, экономикасы тұрақты елге айналғандығын айтып өтті. «Экономикалық көзқараспен қарайтын болсақ соңғы жылдары Қазақстанға шеттен 70 миллиард доллар инвестиция тартылған екен. Бұл өте жоғары көрсеткіш, тіптен Түркияға мұндай инвестиция тартыла қоймаған. Қазіргі уақытта бұл елде 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы мен индустриялық-иновациялық үлкен жобалар іске асып жатыр. Бұл Қазақстанның болашағын айқындап, дамудың тура жолға түскендігін көрсетіп отыр», -дейді К.Зорлу.
Сондай-ақ ол екі елдің мәдени қарым-қатынасына тоқталып, алдағы уақытта оны нығайта түсу үшін қолдан келгенін жасайтындығын айтып өтті. «Қазақстанда түркиялық сериалдар көп көрсетіледі екен, егер біздің киноларға сұраныс болса оны қамтамасыз етіп, тіптен актерлермен кездесу өткізуге бар жағдайды жасаймыз», -дейді түркиялық бақылаушы.