Қазақстандағы сайлау патриотизм күні секілді әсермен өтіп жатыр - АҚШ саясаттанушысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы сайлау патриотизм күні секілді әсермен өтуде. Бүгін елімізде өтіп жатқан кезектен тыс Президент сайлауына орай өткен баспасөз мәслихатында АҚШ байқаушылар миссиясының өкілі, саясаттанушы Джейкоб Зенн осылай мәлімдеді.

Қазақстандағы сайлау патриотизм күні секілді әсермен өтіп жатыр - АҚШ саясаттанушысы

АҚШ байқаушылар миссиясы Астана қаласындағы бірқатар сайлау учаскелерінде болып, соның қорытындыларын жариялап, өз әсерлерімен бөліскен болатын.

«Мен сайлау учаскелеріне барғанда, көптеген адамдардың сайлауға белсенді қатысуын көрдім. Олардың көңіл-күйі жоғары. Мен тіпті бүгін сіздерде патриотизм күні екенін көріп отырмын», - деді америкалық саясаттанушы Джейкоб Зенн брифинг барысында.

Сонымен қатар ол Астанадағы бірқатар сайлау учаскелерін аралағанын айтып, онда бәрі ашық болғанын, өздерінің сауалдарына түсінікті жауап алғанын жеткізді. Оның айтуынша, ешқандай кедергілер мен түсінбеушіліктер болмаған. Өзі барғысы келген сайлау учаскелерін аралап, тиісті жауаптарын да алған. «Бұл күнді керемет ұйымдастырып жатырсыздар, барлық жерлерде музыка, караоке. Сіздердегі бұл сайлау науқаны мен болған басқа елдерге қарағанда қызықтырақ», - деген саясаттанушы Қазақстанның демократияны дамыту саласындағы жетістіктерін де жоғары бағалады. «Соңғы уақытта біз Қазақстандағы азаматтық белсенділікті көріп отырмыз. Азаматтар сайлауға қатысқандарын мақтан тұтады. Осының өзі зор жетістік», - деді Джекоб Зенн.