Қазақстандағы сайлауды мыңнан астам шетелдік байқаушы қадағалайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін еліміздің Орталық сайлау комиссиясы 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің 46 байқаушысын аккредиттеу туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған мәселе бойынша баяндама жасаған ОСК мүшесі Зәуреш Баймолдинаның айтуынша, 3 маусымда Сыртқы істер министрлігінен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан байқаушылар миссиясының 11 байқаушысын және ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының 2 байқаушысын аккредиттеуге ұсыныс түскен.

«Сонымен қатар 7 шет мемлекеттен - Ұлыбритания, Кытай, Үндістан, Палестина, Ресей Федерациясы, АҚШ, Грузиядан 33 байқаушы ұсынылып отыр. Олардың ішінде Үндістан мен Ресей Федерациясы орталық сайлау органдарының өкілдері бар екенін атап көрсеткен жөн. 46 байқаушының барлығы отырыста аккредиттеуге шығарылып отыр», - деді ол.

Айта кетейік, Орталық сайлау комиссиясы шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді бүгін сағат 18.00-де аяқтады. Осылайша, Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын байқау үшін 1 013 байқаушы аккредиттелді. Оның ішінде: 866 байқаушы 9 халықаралық ұйымнан және 147 байқаушы 41 шет мемлекеттен.

Байқаушылардың жалпы санының 43-і шет мемлекеттердің орталық сайлау органдарының өкілдері. Сонымен қатар байқаушылар Еуропа, Азия, Солтүстік Америка, Оңтүстік Америка құрлықтарынан келеді.

Соңғы жаңалықтар