Қазақстандағы сайлауды ТМД-дан 293 байқаушы бақылайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы сайлауды ТМД-дан 293 байқаушы бақылайды. Бұл туралы бүгін ТМД байқаушылары миссиясы штабы жетекшісінің орынбасары Олег Кулеба мәлім етті.
«Бүгінгі таңда біздің ТМД байқаушылары миссиясына аккредиттелу үшін ТМД мемлекеттерінен 293 өкілдің құжаттары келіп түсті. Оның бүгінгі таңда 245-і аккредиттелді. Біздің ойымызша, Қазақстанның барлық аумағында өткізілетін сайлауға шынайы баға беру үшін бұл сан жеткілікті», - деді ол.
Сонымен қатар О. Кулеба миссия құрамына Украинадан басқан ТМД-ға мүше мемлекеттердің барлығы, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің парламентаралық ассамблеясының және Ресей мен Беларусь одағы парламенттік жиналысының шағын тобы кіріп отырғанын айтты.
«Миссияда Ұлттық парламенттердің депутаттары, жергілікті кеңестер депутаттары, сондай-ақ Достастық елдері елшіліктерінің және Сыртқы істер министрліктерінің қызметкерлері бар. Дегенмен, миссияның басым бөлігін Орталық сайлау комиссияларының және территориялық сайлау комиссияларының өкілдері құрайды», - деді О.Кулеба.